Қоңыр қошқар (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)
Тамыздың ортасы болып қалған кез. Далада жалаңаяқ жүруді сиретіп, күнге тотыққан денемізді қалыпқа келтіріп сабаққа дайындала бастадық. Каникулға шыққалы қағаз, қаламның қайда кеткенін де білмейміз, бір жапырақ қағаз таба алмай әуре болып, үнді шәйінің босаған қатты қағазының теріс жағына жаңа оқу жылында керек болады деген киімдердің тізімін жасауға кірісіп кеттік. Киім алуға, оқу құралдарын алуға ақша керек.
Ертеңіне папам мал алатын саудагерді ертіп келіп қораға кіргізіп жіберді. “Қой сатамыз” деген сөзді естісімен інім де елеңдеп қораға қарай келе жатыр. “Қоңыр қошқарымды сатып жібермесін бұлар” деп күңкілдеп қояды.
Май басқан құйрықтары дір-дір етіп, өздеріне қадалған сұқ көздерден жасқанған он шақты қой жапа-тармағай қораның бір бұрышына тығылып алған. Құйрықтарын уысына толтырып қысып-қысып қарап жүрген саудагер қоңыр қошқардың жанында ұзақ тұрып қалды. Ініме қарадым, екі көзі алақандай, бір сұмдықтың боларын сезіп тұрғандай.
-Осыны аламын!-деген саудагердік сөзін толық естіртпестен қораны басына көтеріп азынады-ай келіп. “Менің қошқары-ыы-ым, алмайсың, бермеймін!” Інім екі қолымен қошқардың жүнінен бүріп ұстап алған, айырылар емес. Шуаш сасыған қоңыр-қызыл жүнінің ортасына бетін басып алып, еңіреп жылап ажырамай жатқан інімді папам көтеріп алып кеткісі келіп белінен құшақтап алды. Аяқ астынан шыға келген абыр-сабырдан қойдың өзі қорқайын деді ме, қарлыққан дауысымен маңырай жөнелді.
-Новый крассовка аласың ертең, қойсайшы жыламай!-деп жұбатып тұрмын. –Керек емес,- деп ол жұбанар емес. Көзінің жасы мен терден ылғалданған бетіне қоңыр қылшықтар жабысып қалыпты.
Қоңыр қошқар сатылды. Саусағының ұшын түкірікпен сулап ақша санап мамам отыр. Бұрышта бүк түсіп өксігін баса алмай інім жатыр. Киімдердің тізімі жазылған шәйдің қатты қағазымен бетімді желпіп мамамның қасында мен отырмын.
Қыркүйекте жылтыраған былғары қоңыр туфлиін киіп інім келе жатыр мектепке. Қоңыр қошқардың қайғысы аздап сейілсе керек, достарының бойы өсіп кеткен шығар деп күлімдеп әңгіме айтып келеді.
-Туфлиіңнің түсі күшті, жылтырап тұр, өзі қоп-қоңыр, сенің сатылып кететін қоңыр қошқарыңмен түстес екен,-деймін мен де жайыма қарап тұрмай. Қоңыр қошқарды сағынды ма, қабағын түйіп, терең күрсініп алды, екі көзін аяғынан алмаған күйі жүріп келе жатты.